TamshyLab
Барлық мақалалар
20 қазан 2026

НЗМ-ге қалай түсуге болады: 2027 қабылдау мерзімі және тест құрылымы

7-сыныпқа конкурстық іріктеу: өтінім 23 қараша — 28 желтоқсан, кешенді тестілеу 26-27 наурыз. Әр бөлімге дайындалу жолы және айлық жоспар.

0 0 0
НЗМ-ге қалай түсуге болады: 2027 қабылдау мерзімі және тест құрылымы

Назарбаев Зияткерлік мектептеріне (НЗМ) түсу — 7-сыныпқа конкурстық іріктеу арқылы жүреді және бұл Қазақстандағы ең бәсекелі қабылдаудың бірі. Бір орынға ондаған бала түседі, ал бәрін шешетін нәрсе — екі күндік кешенді тестілеудің нәтижесі.

Бұл мақалада 2027–2028 оқу жылына қабылдаудың нақты мерзімдерін, тест құрылымын, әр бөлімге дайындалу жолын және ақпан-наурызға дейінгі жоспарды жинақтадық.

Кім қатыса алады

Конкурсқа 6-сыныпты бітіретін оқушылар қатысады — яғни ағымдағы оқу жылында 6-сыныпта оқып жүрген бала. Өтінімді ата-ана немесе заңды өкіл береді. Тұрғылықты жер шектеу қоймайды: қай қаладағы филиалға өтінім беруді отбасы таңдайды, емтихан өткізілетін нүктелер республика бойынша ұйымдастырылады.

Өтінім беру мерзімі: 23 қараша — 28 желтоқсан

2027–2028 оқу жылына 7-сыныпқа құжат қабылдау:

  • Онлайн (eGov.kz): 2026 жылғы 23 қараша сағат 09:00-ден 28 желтоқсан сағат 18:00-ге дейін. eGov mobile қосымшасы арқылы да беруге болады.
  • Қағаз түрінде: 23 қарашадан 28 желтоқсанға дейін, дүйсенбі-жұма, 09:00–18:00 (түскі үзіліс 12:30–13:30), мереке күндерінен басқа — мектеп филиалының қабылдау комиссиясында.

Бұл мерзім ұзартылмайды. Тәжірибеде ең көп кездесетін өкініш — «үлгермей қалдық». Құжатты қарашаның аяғында, кезек басталмай тұрып беріп қойған дұрыс.

Кешенді тестілеу: 26 және 27 наурыз 2027

Тестілеу екі күнге бөлінген, әр күні 120 минут:

  1. 26 наурыз — жаратылыстану-математика бағытындағы қабілет тесті: математика, сандық сипаттамалар («сандық сипаттамалар» — кесте, диаграмма, график, сан қатарларымен жұмыс), жаратылыстану.
  2. 27 наурыз — тіл тесті: қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі.

Нәтиже екінші күннен кейін 40 күнтізбелік күн ішінде nis.edu.kz сайтында жарияланады. Конкурстан өткен оқушыға республикалық бюджет есебінен «Өркен» білім беру гранты тағайындалады.

Математика бөлімі: қандай тақырыптар сұралады

НЗМ математикасы мектеп бағдарламасынан озық емес, бірақ тапсырмалар «ойлануды» талап етеді: бір әрекетпен шешілетін есеп аз, екі-үш қадамдық есеп көп. Негізгі тақырыптар:

  • натурал сандар, бөлінгіштік белгілері, жай көбейткіштерге жіктеу, ЕҮОБ және ЕКОЕ;
  • жай және ондық бөлшектер, оларды салыстыру мен түрлендіру;
  • қатынас, пропорция, тура және кері пропорционалдық;
  • пайыз: санның пайызы, пайызы бойынша санды табу, пайыздық өсім;
  • қозғалыс есептері (қарама-қарсы, ілесу, ағыспен), бірлескен жұмыс;
  • периметр, аудан, бұрыштар, қарапайым геометриялық пішіндер;
  • теңдеу құру арқылы шешілетін мәтінді есептер.

Тақырыптар бойынша өзіңізді тексеру үшін математикадан тегін тесттер жинағын пайдаланыңыз — тараулар мектеп бағдарламасының ретімен берілген.

Сандық сипаттамалар деген не?

Бұл бөлім мектепте жеке пән болып оқылмайды, сондықтан көп бала осы жерде балл жоғалтады. Тапсырмалар мәтінді есеп түрінде емес, деректі оқу түрінде беріледі:

  • кесте немесе диаграммадан мәліметті тауып, салыстыру;
  • график бойынша өсу-кему, ең үлкен-ең кіші мәнді анықтау;
  • сан тізбегінің заңдылығын тауып, келесі мүшесін жазу;
  • бірнеше шарттан логикалық қорытынды шығару;
  • ақпараттың жеткіліктілігін анықтау: берілген I және II тұжырымның қайсысы жауап беруге жетеді.

Бұл түрлердің әрқайсысын шешімімен логика және сандық сипаттамалар тапсырмалары туралы мақалада талдадық.

Жаратылыстану бөлімі

Жаратылыстану 6-сынып деңгейіндегі физика, химия, биология, география элементтерін қамтиды: заттың қасиеттері, тірі ағзалар, табиғат құбылыстары, қарапайым өлшем бірліктері. Мұнда жаттау емес, түсіну тексеріледі — «неге осылай болады» деген сұраққа жауап беру керек. Жаттығудың ең тиімді жолы — мектеп оқулығындағы тарау соңындағы сұрақтарды толық орындау.

Тіл блогы: қазақ, орыс, ағылшын

Екінші күн көбіне бағаланбай қалады, ал балл салмағы айтарлықтай. Кеңестер:

  • Қазақ/орыс тілі: мәтінді түсіну тапсырмалары басым. Аптасына 2-3 мәтінді оқып, негізгі ойын бір сөйлеммен жазып көрсін.
  • Ағылшын тілі: базалық грамматика (шақтар, көптік, предлог) және 1500-2000 жиі қолданылатын сөз жеткілікті. Күнде 15 минут сөздік — айына 400-500 сөз.

Қарашадан наурызға дейінгі жоспар

  1. Қараша. Диагностикалық тест. Құжат беру ашылады (23 қараша) — бірден тапсырыңыз.
  2. Желтоқсан. Арифметика: бөлінгіштік, бөлшектер. Апта сайын 1 тақырыптық тест. 28 желтоқсан — өтінімнің соңғы күні.
  3. Қаңтар. Пайыз, пропорция, қоспа есептері + сандық сипаттамалардың кесте/диаграмма түрлері.
  4. Ақпан. Қозғалыс, жұмыс, жиындар, логика. Аптасына бір рет толық уақытпен (120 минут) тест.
  5. Наурыздың бірінші жартысы. Жаратылыстану мен тіл блогы, қайталау, қате журналын қарау.
  6. Соңғы апта. Жаңа тақырып жоқ. Режим, ұйқы, бір-екі жеңіл тест, емтихан орнына жол мен құжаттарды тексеру.

Балл жоғалтудың үш жиі себебі

  1. Уақытты бөлмеу. Бала бір қиын есепке 15 минут жұмсап, соңындағы 5 жеңіл есепті оқымай қалады. Ереже: 2 минутта жол табылмаса — белгі қойып, әрі өту.
  2. Қатені талдамау. Шешілген 200 есептен гөрі, талданған 80 есеп көбірек балл береді.
  3. Сұрақты соңына дейін оқымау. «Ненің мәнін табу керек?» дегенді айналдырып оқу — ең арзан балл.

Жиі қойылатын сұрақтар

НЗМ тестіне апелляция беруге бола ма?

7-сынып конкурстық іріктеуінің нәтижесі бойынша апелляция тәртібі жылдан жылға өзгеріп отырады, сондықтан нақты шартты өтінім берген кезде ресми хабарламадан тексеру керек.

Өтінім беру ақылы ма?

НЗМ-ге өтінім беру тегін, eGov.kz арқылы онлайн берiледі.

Тестті қай тілде тапсыруға болады?

Оқыту тілін отбасы таңдайды — қазақ немесе орыс. Тіл блогында үш тіл де (қазақ, орыс, ағылшын) тексеріледі.

Өтпей қалса, келесі жылы қайта тапсыруға бола ма?

7-сыныпқа конкурс бір рет — 6-сыныпты бітіргенде өтеді. Кейінгі жылдары басқа сыныптарға бос орын болған жағдайда қабылдау жарияланады, бірақ ол бөлек конкурс.

Тегін дайындалуға не бар?

TamshyLab-та математикадан тақырыптық тесттер осы бетте тегін ашық. Жүйелі дайындық керек болса курстар бөлімін қараңыз, ал үш мектептің форматын салыстыру жалпы шолу мақаласында.

Балаңызды НЗМ, БИЛ-ге дайындағыңыз келе ме? Кураторға жазыңыз — деңгейді тегін анықтап, жоспар ұсынамыз. WhatsApp-қа жазу

Пікірлер

Тағы оқыңыз